Жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай соңғы жылдары қазақ кино саласында біршама «көркем дүниелер» дүниеге келе бастады. Кәсіпқойлар мен әуесқойлар болып қазір бұл сала екіге жарылып отыр. Өзегімізден өніп шыққан өзіміздің кино ғой. Жаңалыққа жаршы болайық десек, «көркем дүниелеріміз» көрерменін күпті қылып, іштен шыққан шұбар жылан болып қала берді...
Кәсіби мамандардың түсірген фильмдері әрине, бізге қарапайым халыққа арналмаған. Қазақ кино өнерінің классикасына жататын, «алтын құрсақтан» дүниеге келіп жатқан бұл «көркем дүниелерді» қарапайым халық түсіне бермейді. Өйткені классикалық елдердің таным-талғамдары бізге қарағанда жоғары болу керек, біздің «көркем дүниелеріміз» шетелге әр барған сайын жоғары бағаланып сый-сияпат алып келеді. Әрине қай ана өз баласының қуанышына ортақтаспасын! Баласы бәйгеге қосылғанда үйде отырып, тілеуін тілеп, тақымын қысатын халық емеспізбе?! Десекте, кәсіби мамандар өз фильмдерін қарапайым халыққа көрсете беруге құлықсыз. Өз қуанышымызды өзгеден естіп, артынан біліп жатамыз. «Алтын құрсақтан» өніп шыққан «көркем дүниелеріміз» біздің бір ауыз сөзімізді көтере алмайды. Өйткені эстетикалық таным-талғамы жоғары жұрт қояр жеріне қойып, жоғары бағасын беріп те қойған. Бір ауыз пікір айтамын деп, балақтан тартқан ит сияқты іштен шыққан жауға айналып, көре алмайтын ағайындардын қатарынан шыға калуыңыз әбден мүмкін!
Әуесақойлар түсірген «көркем дүниелердің» де маңдайынан ай жарқырап тұрған жоқ! Соңғы жылдары жарық көрген қазақ кино топтамаларының ішінде «Алаяқтар», «Ағайындылар», «Жетімдер», «Қисық бұтақтар», «Қынсыз қанжар» «Астанаға көктем кеш келеді», «Қарой», «Ойпырмай немесе менің қымбатты балаларым», «Рекетир», «Қарттар үйі», «Махаббат жағалауы», «Қанталапай», «Аймалашы мені», «Әке қорлығы» т.б фильмдермен жалғасып кете береді. Осыған қарап, казақ кино саласында біраз ілгері басушылықты да байқауға болады. «Алтын құрсақтан» шыққан көркем фильмдерге қарағанда бұл фильмдер халық арасына кең танымал. Сапасы әлде қайда төмен болсада, халықтың өз туындыларына шөліркеп жүргенін байқауға болады.
Біздің фильмдерімізде ұлттық идеяологияның кемшін тартып жатқанын да байқауға болады. Қай киноны алып қарасаңызда қараңғы қазақ, жұмыссыздық, араққа салынған маскүнем әке, ашынған ана, қорланған қыз, қорлаушы ұл, тоқал там, тұрмысы жүдеу отбасы... қорғансыз қазақтың күнін суреттеген картиналар толып жатыр. Ауыз аша қалсаңыз, өмірдің шындығын көрсетіп отырмыз деген уәж айтады. Өмірдің шындығын боямасыз көрсететін болсақ фильмді көркем деп атаудың қажеті қанша. Керсінше жығылғанға жұдырық болмай ма? Бұл тізімнің ішінде «алтын құрсақтан» шыққан фильмдер де бар. Шегір көздер мен жебір көздердің мақсаты да сол емес па еді? Атағы жер жаратын сыйлықтардың астында қандай да бір миссянын бары анық! Олар бізді өркениетті елдердің қатарынан көргісі келмейді! Бірде түрік тілінен сабақ берген Неджип деген Түркиялық ағайымыздан, Нобель сыйлығын алған Орхан Памук деген жазушының бар екенін мақтанышпен айта қоймасым барма?! Атын атағаным сол, ол туралы жақтырмаған кейіп танытып, Түркиянын қарапайым халқы ол кісінін шығармасын ұнатпайтынын жеткізді...
Киноларымыздың ішінде қазақ халқын масқаралайтын, намысына тиетін картиналар да жетіп артылады. Мәселен аты шулы фильмдерімен танымал Жанна Исабаеваның «Қарой» мен 850 мың АҚШ долларына түсірген комедиялық жанрдағы «Ойпырмай немесе менің қымбатты балаларым» фильмдері. Біраз шулатып барып басылған «Қарой» фильмі туралы сөз айтудың өзі артық. Бастан аяқ жағаңызды ұстайтын көріністерге толы. Ал «Ойпырмай немесе менің қымбатты балаларым» фильмі комедия емес трагедия дерсін! Басқаны қайдам, өзім күлетін жердің ретін таппадым! Ұзынқұлақтан естуімізше, режиссері осы фильмімен әлемдік аренаға жол тартпақшы екен. Күллі қазақты қорлаған «Бортттың» өзі тақиямызға тар болып тұрғандай, енді Қазақстанды «Ойпырмайымен» дәлелдей түсетін болды! Бір қызығы Нұржан Төлендиевтің «Ойпырмай» әнімен басталатын бұл фильмге ол әннің қаншалықты қатысы барын түсіну әсте қиын. Басты рөлдегі анасы мен үйленбекші болған ұлының іс-әрекеттері көрерменді тартпақ түгілі сүйкімін кетіреді. Анасы мен ұлының Қанаттың үйіне ескертусіз келгенінен басталатын бұл фильмде анасының біздің ұлттық тағамымыз бешбармақты жеудегі қылықтары намысыңа тиетіні сөзсіз! Ұлының үйде күткен қонақтары бола тұра сол аралықта анасының ваннаға суға түсуі шындыққа жанаспайды. Фильмнің арасында анасымен ұлының билейтін тұстары нағыз қазақ анасының бейнесі емес. Балалары жетісіп отырмаған қарт ананың көшеде секеңдеп билеуі қай сасқаны! Асылында режиссер өзбек пен үндінің фильмдеріне ұқсатып бақса керек-ті! Бірақ, шаңына да жете алмаған.Қайта артық қылам деп тыртық қылғанның кебі көрініп тұр.
Қанша жерден жамандап жерге алып, жерге салып жүрсекте Еркін Рақышевтің кинолары бұдан әлдеқайда көш ілгері. Тіпті шындыққа жанаспайтын тұстары көп «Астанаға көктем кеш келеді» мен «Жетімдер» фильмінің өзі неге тұрады. Мейлі, сапасы жағынан кемшін, дубляжы дұрыс болмаса да режиссер қолынан келгенше ұлттық идеологияны беруге тырысқан. Халық үшін «Алтын құрсақтан» шыққан көркем фильмдерден де жоғары. Тосыннан болған жол апатынан ата-анасы қайтыс болған екі бірдей бүлдіршіннің алдағы өмірін суреттейтін бұл фильмнің арасына елімізде болып жатқан саяси өмірден де хабар беріп кетеді. «Үш тұғырлы саясаттың» да кинодан үзінді ретінде көрсетуі жаныңа жақын. Тіпті, «Аялы алақан» бағдарламасының да кинодан көрініс табуы киноның шынайы көрсетуіне септігін тигізген. «Астанаға көктем кеш келеді» фильміде халыққа сондай жақын. Жас кыз Назымның жас Астанамызбен бірге өсіп-өркендеуі рухынды көтереді. Әрине, кинода шындыққа жанаспайтын тұстар да баршылық. Ең бастысы, рухыңды көтереді.Халық пен кино арасында жақындықтың да пайда болуы осыдан шығар. Бұлардан басқа Хабар агенттігі түсірген «Махаббат жағалауы», М.Мұратовтың «Қынсыз қанжарыда» көруге тұрарлық фильмдер.А. Сатаевтың «Ағайындылар» телетоптамасы да сәтті шыққан фильмдердің бірі. Бір өкініштісі, еліміздегі қос тілділік көркем туындыларда да жарыса қолданып келеді. Бұл тізімге Рүстем Әбдіраштың «Құрақ көрпе», «Қаладан келген қыз» фильмдерін де жатқызыңыз. Әрине, олар ақиқат өмірдің көшірмесін жасаушылар емес пе?!
Кино – ол өнер. Екіншіден еліміздің айнасы. Үшіншіден тәрбие құралы. Көрші өзбек киносының кайсысын алсақта біздегі сияқты жапырайған там, қара нан мен қара су ішкен, қаладағы қаңғырған қорғансыз халық пен қара базардың қараңғы тұстарын бейнелмейді. Керсінше, зәулім үйлер, дамыған техника, тоқшылықты суреттейтін фильмдер. Әр киносында ұлттық идеологиянын нышандарын байқауға болады. Халқына рух береді. Тіпті тілін түсінбеседе біздің халық сол ұлттың киносын көруге таңсық. Өйткені халық, демалатын, өзіне ләззат алатын, еңсесін көтеріп рух беретін киноларды аңсайды. Әйтпесе біздің мемлекеттің жағдайы өзбектерге қарағанда әлдеқайда жақсы емес пе? Бар нәрсемізді жарқырата алмаймыз! Өзбек кино режиссерлерінің өзбек кино саласына қосып жатқан үлесі көрініп-ақ тұр!
Әне, жұрттың Ыбырайы Ыбырай...
Айтқымыз келгені бұл емес еді...
воскресенье, 1 ноября 2009 г.
Подписаться на:
Комментарии к сообщению (Atom)
Комментариев нет:
Отправить комментарий